18+
реклама
18+
Бургер менюБургер меню

Ниң Уаң – Қытай жазуы мен мәдениеті туралы он лекция (страница 6)

18

ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕГІ СҰРАҚ-ЖАУАПТАР

Сұрақ: Ван Нин ұстаз, маған ең алдымен сұрақ қоюға мүмкіндік бергеніңіз үшін көп рақмет! «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дегендей, менің сұрағым, сіз жаңа ғана иероглифтің Хуанхэ өзені аңғарынан Янцзы өзені алқабына дейінгі «таралу» мәселесін айттыңыз. Мен Гуандуннан кеше ғана келдім. Чжухаеде өте көне жазулар бар, оның жасы 4000 жылдан астам болуы мүмкін. Мен осы сұрақ төңірегінде ойланып отырмын, яғни иероглифтердің шығу тегі бір ғана мәдени орталықтың сыртқы ықпалынан гөрі өзара бір-бірімен ықпалдастығынан деп ойлаймын. Бұл зерттеуге тұрарлық сұрақ шығар деген үміттемін, рақмет! Сұрағымды нақты түсіндіре алдым ба?

Жауап : Сіз дұрыс әрі нақты айттыңыз. Ұстаздың айтпағы да өркениеттің бастауы бір жерден емес, көптеген өңірлерден бастау алады. Өзіңіз қараңызшы, Қытай үлкен ел болғандықтан өркениеті әртүрлі аймақтарда пайда болған. Бұл «өркениеттің тегі әртүрлі жерден пайда болу теориясы» деп аталады. Иероглифте бір жерде жасалған жоқ, қайта ол тарату, алмасу, жинақтау және ұйымдасу кезеңдерінен өтті. Егер «өзара ықпалдасу» деп аталатын байланыс жалпыласуға қатысты болса, біз бұл тұжырыммен келісеміз. Дегенмен аймақтарда мәдениет әрқашан салыстырмалы түрде ерте пайда болатынын жоққа шығаруға болмайды. Мәдениет қалыптасқан кезде оның дамуына әсер ететін кейбір жекелеген аймақтар болады. Өркениеттің шығу тегі саналатын көптеген бастауларды мынау алды, анау арты деп бағалауға болмайды. Менің ойымша, бұл барлығыңызға түсінікті шығар.

Сұрақ: Сәлеметсіз бе, Ван мырза! Біз Қытайды бес мың жылдық тарихы бар ежелгі өркениет деп жиі айтамыз. Менің білгім келетіні сіз айтқан уақыт, ұғымның жазудың шығу тегімен байланысы бар ма? Сізге рақмет!

Жауап : Біз бес мың жылдық өркениет туралы жиі айтамыз. Менің ойыма осыдан бірнеше күн бұрын қойылған «Қытай жазуына бес мың жыл» деген фильм түсіп тұр. Бес мың жыл – қытай иероглифтерінің шығу тегіне байланысты болжанған уақыт. Алты мың жыл бұрын десек, бұл бес мың жылдан сәл ғана ертерек болған сияқты көрінеді, бірақ бізде зерттеу уақытының жоғарғы және төменгі шегі бар. Себебі цзягувэньге дейін жазу деп атауға болатын типтік белгілер әлі байқалған жоқ, жалпы белгілі бір кезең туралы объективті болжам жасайды. Оны әдетте тұтас бес мың жыл десек, бұл да болжам. Бірақ толық сан болғандықтан әркімнің есте сақтауы оңай ғой? Бес мың жылдық өркениетте, әрине, иероглифтер бар. Жазу болмаса, өркениетті дәуір де болмайды. Жазудың пайда болуы адамның әлеуметтік өмірі мен өндірістік қатынастарын жан-жақты байланыстырып, дамытты, өркениет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керек екенін көрсетті. Жазусыз әлеумет қалай ұрпақтан ұрпаққа жалғасып дамыр еді? Ауыз екі тіл уақыт пен кеңістіктің шектеулерінен өте алмайды. Ол тек адамнан адамға немесе айналасындағы бірнеше адамға ғана таралады, ауқымы өте тар. Сондықтан тек жазу арқылы ғана өркениет дамыды. Қытай иероглифтерінің шығу тегін бес мың жылдық өркениеттен бастап айтқаныңыз дұрыс.

Сұрақ: Сәлеметсіз бе, Ван ұстаз! Сіз жаңа ғана лекцияңызда Цан Цзе Қытай тарихындағы аңыз екенін айттыңыз. Бұған қоса, ежелгі қытай кітаптарындағы аңыз бойынша Цан Цзе Хуан-ди дәуірінде шежіреші болғанын да айттыңыз. Қоғамда қалыптасқан мәдени құндылықтар мен мұраларды, діни, моральдық нормалар мен түсініктерді қайта қарауды, жоққа шығарушылар мынадай екі сұрақты алға тартады: Бірііншісі, Цан Цзе Қытай тарихында шынымен болды ма? Екінші сұрақ, Цан Цзе Хуан-ди дәуірінде шежіреші болғаны рас па? Енді осы екі сұрақты қалай дұрыс түсіну керегін айтыңызшы.

Жауап : Бұл – аңыздар мен тарихи сенім арасындағы байланысты қамтитын өте жақсы сұрақ. Жаңа айтқанымдай, неге Цан Цзені шынайы тұлға емес деп айтамыз? Бұл мынадай мағыналарды білдіреді: Хуан-ди дәуірінде шежіреші Цан Цзе деген адам болған. Ол жазуды ойлап тапқан деген тұжырымды тарихи деректерден тауып, растай алмадық, сондықтан тарихта жазу ойлап табушы Цан Цзе деген адам болған жоқ, ол тек аңыз. Шежіреші жазудың формасын жасағанымен оны түсіндіруі де қиын. Бірақ бұл аңызда шындық та бар шығар. Қай кезде болса да, жазумен ең жақын қарым-қатынаста болған адамдар болған болуы мүмкін. Олар жазуды алғаш ойлап тауып, жазуды ұйымдастырған болуы да ықтимал. Себебі шежірешілер жазуды көп қолданатын адамдар. Цан Цзе – қытай иероглифтерін ойлап тауып, тарихқа қалдырған тұлға болмаса да, таңбаларды ойлап тапқан халық даналығының өкілі. Цан Цзеге жасалған құрмет – біздің атабабаларымызға көрсеткен құрметіміз.

Осындай даңқты өнертабыстар мен жасампаз атабабаларымыз болмаса, бізде сонша көне кітаптар қайдан болар еді? Жоғары технологиялық цифрлық компьютер кейіпкерлері қалай пайда болды? Біз жазу болмаған дәуірден біртіндеп жазу пайда болғанға дейінгі қадам өте қиын және ұзақ екенін білуіңіз керек. Тарих тез дамып келеді және ежелгі қараңғылық дәуірінің өркениетке көшу уақыты өте ұзақ. Бұл өркениет белсенділерін қалай құрметтемеуге болады? Цан Цзе тарихта расталмаса да, сол дәуір, мансап, жетістіктер біздің қиялымызды шарықтатып, толықтырып, бізге асқақ сенім берді. Бұл – заңдылық. Кейбір жерлерде тұрғындар Цан Цзе ғибадатханасын салады. Саяхаттап жүргендер немесе өтіп бара жатқандар барып, кіріп, тағзым етуіне болады. Бірақ мен өз басым кейбір ауқымды мемориалдық шараларды өткізу, кейбіреулердің тіпті «мәдени сахнаны коммерциялық опера» деп аталатын ісшараларға айналдыруына қарсымын. Бұл қазіргі қоғамның мәдени құрылысына тиімділігі жоқ, қажет емес шаралар деп ойлаймын.

Сұрақ: Сәлеметсіз бе, Ван ұстаз! Кейбіреулер иероглифтер қытай тілін таңбаламайды дейді. Кейбір иероглифтер қытай тілінен ертерек пайда болған деп жүр. Мұның жөні қалай?

Жауап: Бұл ұғым – қазіргі заманда өте жиі тараған сөз, себебі барлығына иероглиф қатты ұнай бермейді және таңбалар өте керемет деп ойламайды. Сондықтан тілді иероглиф естелікке ала алмаған, иероглиф қытай тілінен әлдеқайда ерте пайда болған деп қарайды. Бұл түсінбеушілік және жеткілікті ғылыми дәлел емес.

Қытай иероглифтерінің шығу тегін зерттеген кезде ғалымдар кейбір белгілерді байқап, бұл белгілер жазудың ізашары болуы мүмкін деп қарады. Сіздердің араларыңызда Нинсядан келгендер бар ма, әлде Нинсяға барғандар бар ма, білмеймін. Нинсядағы Хелань тауларындағы жартастарда көптеген суреттер бар, олардың ішінде қозы, құлын тағы басқа да жануарлардың бейнесі салынған. Олар өте әдемі. Жартастағы бұл суреттердің тарихы ұзақ. Қазылып алынған кейбір қыш ыдыстарда да көптеген белгілер бар. Лекция барысында үлкен экраннан барлығыңызға осы белгілерді көрсеттім. Бұл белгілер нені жазды, нені білдіреді? Барлығы сараптап, болжам жасауда, бірақ бұл белгілердің ешқайсысы қытай жазуын дәлелдей алмайды. Бәлкім, бұл түсінбеушілікті тудырған жазуға дейінгі осы құбылыстар болуы мүмкін.

Біріншіден, бұл белгілер уақыт бойынша тілден бұрын болуы мүмкін емес. Адамды адам еткен – тіл. Басқаша айтқанда, халық бар жерде тіл бар. Адамдар қашан пайда болып, тілі қашан шықты? Тіл болған кезде, жазу жоқ еді, тіпті жазуға дейінгі құбылыстар да болмады. Қазіргі Бейжің жерінде жасаған Бейжің адамы қашан пайда болды? Археологтар бұл шамамен 460 000 жыл бұрын деп есептейді. Ол кезде жазу болды ма? Қазба жұмыстарынан табылған мәдени жәдігерлердің барлығы да адам баласының туындысы. Олар қалай нақыштап немесе ойып белгі салынғанына қарамастан, ондағы таңбалардың барлығы адамның ісәрекеті. Тіпті адам болмаса, жазуды кім ойлап тапты? Адамның мінез-құлқы, ой санасы қалай пайда болуы мүмкін? Бұл – ең көп таралған логика. Сол үшін де жазу тілден ерте пайда болған деу әбестік емес пе?

Екіншіден, біз «жазу» деген не екенін білуіміз керек пе? Онда жазу – маңызды әлеуметтік құбылыс. Оның анықтамасы: тілді естелікке алатын таңбалар жүйесі жазу деп аталады. Жазу – ауызекі тілді жазба мәтінге айналдыратын қосалқы таңбалар жүйесі. Белгілер тілді тіркейтінін дәлелдей алмаса, оны «жазу» деп атауға болмайды. Белгілер жайлап жазуға айналады деп жорамалдасақ та, оларды тек «жазу алдындағы құбылыс» деп атауға толық дәлел бар. Антропология, археология, лингвистика, филология... барлық көрнекі белгілерді «жазу» деп атайды. Қытай иероглифтері пайда болғаннан кейін тілмен үйлеспейтін идеографиялық белгілер әлі де жарыққа шығуда. Мысалы: спорттық оқиғаларды білдіретін белгілер, халықаралық және ұлттық жол белгілері, телеграф кодтары, тауар таңбаларының сериялары... Олардың барлығы белгілі бір дәрежеде қандай да бір мағынаны білдіреді, бірақ олардың ешқайсысын сөз деп атауға болмайды, өйткені олар тілді естелікке алатын таңбалық жүйелер емес. Жазудың анықтамасы тұрақты емес. Ғылым эмоцияларға негізделмейді, солай ма?

Сұрақ: Ван мырза, лекцияңызға рақмет! Соңғы екі жылда ел көлемінде қытай тілінен диктант жазу сайысы өтті. Жазудың шығу тегі тұрғысынан барлығын бақылап, иероглифтердің алғашқы бейнесін салған біздің атабабаларымыз екен. Иероглифтер реформаланса да, әлі де көптеген идеографиялық өрнек әдістерін көреміз. Диктант сайысы, иероглифтердің мағынасына емес, пішіні мен дыбысына назар аударды, осыған байланысты менде бір сұрақ бар. Егер мен болсам, оқылуы мен мағынасын біліп, түсіну үшін жобалаған болар едім. Білгім келетіні – бұл диктант сайысының бағыты не? Рақмет!