18+
реклама
18+
Бургер менюБургер меню

Ниң Уаң – Қытай жазуы мен мәдениеті туралы он лекция (страница 8)

18

Сұрақ: Сәлеметсіз бе, Ван профессор! Менің сұрағым: қазіргі кезде негізгі білім беруде, әсіресе төменгі сыныптарда, мысалы, 1–3 сынып балалары дәстүрлі қытай мәдениетін насихаттау мақсатында 1-сынып оқушыларынан «Шәкірт ережелерін» жаттау талап ете ме? Балалар көне иероглифтерді мүлде білмейді әрі мазмұнын да түсінбейді. Менің ойымша, бұлай жасау біржақтылық деп ойлаймын. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?

Жауап: Осы сұрақ бойынша өз пікіріммен бөлісуге рұқсат етіңіздер. «Шәкірт ережелері» – балаларға оқуды, тәрбиені үйретіп қана қоймай, ережелерді үйрететін кітап. Біз оны «Балалық шақтың оқулығы» деп атаймыз. Біреу келісер, ал біреу келіспес, мен өз басым «Шәкірт ережесін» жаттау мүлдем қажет емес деп есептеймін және оған әрқашан үзілді-кесілді қарсымын. Біз қазір қандай балаларды тәрбиелеп жатырмыз? Бәрі де заманауи болуы керек. Балалар болашақтың еншісінде. «Шәкірт ережесінде» балалар қалай отыруы, тұруы керек, т.б. қарастырылып, барлығы феодалдық дәуірдің әдептеріне сай келеді. Эстетикалық құндылықтар болсын, мінез-құлық ережелері болсын, әр заманның өз құндылықтары бар. Оның үстіне, сауат ашатын балаларға арналған оқулық ретінде тілі де қазіргі ортақ тіл емес, жазулары да қазіргі заманауи жазу емес. Осы жерде мен сіздерді бірнеше статисткамен таныстырғым келеді: Балалық шақтың сауат ашу кітабы, жай ғана көне оқу кітабы: «Саньцзыцзин (үш таңбаның каноны)», «Байцзясин (жүз отбасының тегі)», «Мыңжылдық (Мың таңбалы мәтін) деп аталады.Үшеуінде де 2708 сөз бар, қайталанбайтын сөз саны 1462. Қайталанатын сөз статистикасына сәйкес, олардың алғашқы 100 таңбасының 47-сі ғана қазіргі қытай тілінің бастапқы 100 таңбасымен бірдей, ал жартысынан көбі әртүрлі. «Шәкірт ережелерін» де осы саладан бөліп қарауға болмайды. Бұл ескі материалдарды қазіргі сауат ашуға негізгі материал ретінде пайдалану орынсыз екенін байқауға болады. Дәстүрді жалғастыру ескіні қайталау емес. Қайта балалар мен жасөспірімдерге көп уақыт бөліп, әлеуметтік дамуға бейімдеу керек.

2-лекция. ӘЛЕМДЕ ҚАЗІРГЕ ДЕЙІН САҚТАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ИДЕОГРАММАЛЫҚ ИЕРОГЛИФТЕР. ҚЫТАЙ ЖАЗУЫНЫҢ СИПАТЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Осы жазулар қытай иероглифтерімен салыстырғанда қандай мәнге ие? Оның ерекшелігі қандай? Егер бұл қытай иероглифтерін түсіну барысындағы бірінші мәселе болса, бұл сұраққа қалай жауап береміз? Алдымен, бізде теориялық алғышарт болуы керек, яғни жазу тілді жазып алатын таңбалар жүйесі. Бірінші лекцияда белгі тілді хатқа түсірмесе, қанша тамаша, әдемі болса да оны жазу деп атауға болмайтынын айттық. Тілді естелікке алу, тек дыбыс пен мағына болғанда ғана іске асады. Бізде «Жазу – тілді қайта кодтау» деген кәсіби мақал бар. Жазу – ауызекі тілді жазба тілге айналдырып қайта өңдеу деген сөз. Басқаша айтқанда, жазу – тілді жазып алатын қосалқы белгі. Тіл – негізгі орында болса, жазу – қосалқы орында болып, тілмен бірге өмір сүреді. Жазу мен тілдің арақатынасын анықтаған соң, жазудың сипатына баға беру жазу формасының тілмен байланысына баға беру екенін түсінеміз. Жазудың сипатын талдағанда біз ең алдымен осы мәселеге көңіл бөлуіміз керек.

Екінші мәселе, жазудың өзіндік даму тарихы бар. Ол да адам сияқты туылады, өседі, өрбиді, өзгереді. Бірінші лекцияда иероглифтердің өте ұзақ, шамамен бес-алты мың жылдық тарихы бар екенін айттық. Археологиялық қазбалар әлі жалғасуда, иероглифтің пайда болған уақыты одан да ұзақ болуы мүмкін. Ендеше, осыншама ұзақ тарихи даму кезеңімен құбылыстарды, өзгерістерді басынан өткізген қытай иероглифтерінің сипаты өзгерді ме?

Үшінші мәселе, фонетикалық санаттағы иероглифтер қытай жазуының көп бөлігін ұстайды. Фонетикалық санаттағы иероглифтің бір бөлігі – мағына білдіретін мағыналық бөлігі, ал екінші жартысы айтылуын білдіретін фонетикалық бөлігі. Олар күнделікті өмірде кез келген жерде кездеседі. Қысқасы, аты-жөніңізді жазғанда да фонетикалық санаттағы иероглифтер кездесуі мүмкін. «Шуовэнь Цзецзы»-дегі сяочжуань жазуында фонетикалық санаттағы иероглифтер 87%-дан жоғары. Фонетикалық санаттағы иероглифтердің маңыздылығына қарап, кейбіреулер қытай иероглифтері идеограмма емес, мағынасы да, дыбысы да бар фонетикалық жазу деп қарайды. Тіпті мағынасы мен дыбысы бар фонетикалық санаттағы иероглифтік осы жазу бірте-бірте әліппеге айналып келеді. Бұл дұрыс па? Оны қалай түсінуіміз керек? Фонетикалық санаттағы иероглифтер қытай иероглифтерінің көп бөлігін қамтитындықтан, ол фонетикалық жазуға айналуы керек дегенді білдіре ме?

Бүгінгі лекция осы үш сұрақ төңірегінде өрбиді. Әйгілі лингвист Соссюр әлем тілдерінің классификациясы туралы керемет классикалық тұжырым жасаған. Лингвист Соссюр дүниежүзіндегі жазуды тілдің дыбыстық немесе мағыналық жағына қарай екі үлкен топқа бөледі. Ол тілде екі түрлі элемент бар: жазу формасы тілдің мағынасына қарай құрастырылса, идеографиялық жазу, ал тіл дыбыстар негізінде құрастырылса, фонетикалық жазу дейді. Бұл классификация өте қызық, өйткені тілде үшінші элемент жоқ. Егер кез келген классификацияда мүмкін болатын аралық күйді алып тастап, семантикалық және фонетикалық конфигурация классификациясын жіктесе, дүниедегі барлық жазу екі түрге бөлінеді. Осы екі түрді мүмкіндігінше жан-жақты қарастыру керек.

Қытай жазуы Соссюр айтқан бірінші топқа жататыны даусыз. Олар – қытай тілінің мағынасына қарай өзіндік форма қалыптастырған типтік идеографиялық жазулар. Әрине, идеограмма дыбыстарды естелікке алмайтынын анық түсінуіміз керек. Жазу тілді жазып алатын таңба болғандықтан, дыбыстың тек мағынаға ғана ие болуы мүмкін емес. Біз қытай иероглифтерінің сипатын тіл дыбыстары емес, қытай жазуының формасына негізделіп бағалаймыз. Иероглиф мағына қалыптастыру ерекшеліктеріне ие болғандықтан, ары қарай жануарлар сүйегіне жазылған көне жазулар жинағын да қарастырсақ, «себеп пен мағына конфигурациясы» заңын тереңірек түсінеміз.

Мұның барлығы біртұтас пиктографиялық жазулар. Бірінші жазу – «鹿 бұғы». Бұл жазуды тану қиын емес, бірақ қызық сұрақ төңірегінде ойлануымыз керек: Дәл бұғыға ұқсатып жазуды ата-бабаларымыз қалай жасаған, олардың менталитеті қандай болған? Бұл сөз қалай пайда болды? Сүтқоректі жануардың әдетте төрт аяғы, басы және құйрығы болады. Егер бұл фотосурет болса, біз жануарды бір көргеннен танимыз, бірақ оны таңбалағаннан кейін оны анықтау біршама қиынға соғады. Бұл жазу жасау кезінде жануардың ерекшеліктерін көрсетуді талап етеді. Цзягувэнь жазулардағы бұғы деген жазуға қарасаңыз, иректелген ұзын мүйіздер көзге түседі. Сиыр мен қойда да мүйіз бар, бірақ бұтақ тәрізді өте әдемі мүйіз тек бұғыда ғана. Екінші жазудағы «虎 жолбарыс». Бұл жазуға тігінен қарау керек. Ол жолбарыстың азу тістерін ерекшелеп, жауыздығын, үстемдігін толық көрсетіп тұр. Үшінші жазу – пілдің ұзын мұрнын ерекше әйгілейді. Төртінші жазу қоянның тырбиған аяқтары мен қысқа құйрығын ерекше көрсетеді. Бесінші жазу – «жылқы». Оның қандай ерекшелігін айырықша атап өту керек? Жылқы – жүйрік, шауып, желсе, желкесіндегі жалы желмен бірге желкілдейтін жануар. Бұл жазудағы желкілдеген ат жалы – оны бір қарап тануға мүмкіндік беретін ең ерекше белгісі. Алтыншы жазу – «ит», ал иттің құйрығы қайқиып, оралып тұрады. Егер сіз үйде ит ұстаған болсаңыз, бұл сурет сізге өте жақсы таныс. Соңғы екі жазу – «сиыр» мен «қой». Олардың тек бастары сызылып, мүйіздерімен ерекшеленеді: сиыр мүйізі жоғары, қой мүйізі төмен қарай иілген. Бұл сиыр мен қой бейнелеріне өте сәйкес келеді.

Ең алдымен, жануарларды білдіретін осы сегіз жазудан қандай қағиданы көруге болады? Біз бірінші лекцияда кейбір еуропалық жазулар пайда болған кезде жазуды сурет ретінде салу үрдісінен өткенін айттық. Суретті жазу белгілі бір тіл бірлігімен тұрақты түрде біріктірілмегеннен кейін, жазу санатына ие бола алған жоқ, тек қана сурет арқылы ақпарат жеткізуге қолданылады. Бастапқыда ол сурет өнерінің функциясына біршама жақын болды. Сызба неғұрлым егжей-тегжейлі болса, екінші тарапқа соғұрлым көп, дәл ақпарат беріліп, жақсы қарым-қатынас жасай алады. Идеографиялық иероглифтер кескіндеме кезеңінен өткен жоқ. Тым болмаса, қытай иероглифтерінде тұтас бір суреттің, болмағанда бір бөлігін дәлелдейтін археологиялық дәлелдер әлі табылған жоқ. Ертедегі қытай иероглифтерінде жеке бейнелер мен нақышталған белгілер болды, олар физикалық бейнелерге сәйкес тікелей пішінделді. Неліктен бұлай болды? Менің ойымша, бұл қытай тілінің бір буынды сөзіне байланысты болып, бір сөз (морфема) бір мағынаны, бір дыбысты білдірді, сондықтан иероглиф формасы салыстырмалы түрде қарапайым болды. Бұл иероглифтер дыбыстық ақпарат бермейді. Біз тек салынған белгіден оның ерекшелігіне қарап жолбарыс екенін біліп, «hǔ» деп оқып айтамыз. Салынған сызбадан пілдің ұзын мұрнын көріп, піл екеніп түсініп, «xiang» деп дыбыстаймыз. Бұл таңбалардың барлығы – «мағынасы бойынша жасалып» құрастырылған өзіндік пішін.

Екіншіден, бұл белгілер қазірдің өзінде де жазу. Иероглифтер жануарлардың пішініне ұқсағанымен, олар суреттен гөрі жазуға көбірек келеді. Неге олай дейміз? Иероглиф қытай тілін сипаттап жазу үшін қолданылады. Олар цзягувэнь жазуынан немесе қола ыдыстардағы жазулардан келген және барлығының өз контексті бар. Жазумен тіл дыбыстары жазылғандықтан, ол жазу болуы керек.