Ниң Уаң – Қытай жазуы мен мәдениеті туралы он лекция (страница 2)
Біз жаңа технологиялық құралдар кітапхананың лекциялық қызметіне жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Пайдаланушылар үшін ортақ ресурстар арқылы жанды және мазмұны бай интернет-оқыту платформасын жасау сарапшылар мен білім алушылар арасындағы қарымқатынас пен өзара әрекеттесуді оңтайландырып, жылдамдатады. Осылайша әрбір ынталы оқырман мен білікті ғалым «Ұлттық кітапхананың ашық онлайн курсына» қатысу арқылы ілгерілеп, өзін жетілдіре алады.
Біз «Ұлттық кітапхананың ашық онлайн курсының» бірінші тақырыбы ретінде Қытай өркениетінің өзіндік мәдени мәні мен маңызды символы болған «Қытай жазуын» таңдадық. Жазу – адамзат өркениетінің маңызды нышаны екені баршамызға белгілі. Жазу арқылы ғана өркениетті жазып ұрпаққа қалдыруға, жалғастыруға, дамытуға болады. Дүниежүзіндегі төрт ірі өркениеттің ішінде дамуы үзілмей жалғасқан жалғыз мемлекет – Қытай. Оның маңызды себептерінің бірі – әлі күнге дейін кеңінен қолданылып келе жатқан жалғыз идеографиялық жазу жүйесі – қытай таңбалары. Қытай иероглифтерінің арқасында бізде көлемді тарихи материалдар мен классика бар, соның нәтижесінде ұлт мәдениеті жалғасын тауып отыр. Қытай иероглифі – әлемдегі ең ауыр жазу, ол Қытай өркениетімен тығыз байланысты. Ол – Қытай мәдениетінің ең негізгі элементі және Қытай ұлты дамуының ең көне гені. Иероглиф – бес мың жылдық тарихтың қайнар көзінен шыққан Қытай халқының бірлігі мен ынтымағын әйгілейтін жазу.
Бейжің педагогикалық университеті Өнер мектебінің профессоры Ван Нинді алғашқы лектор ретінде шақыру – біз үшін үлкен мәртебе. Ван Нин профессор – еліміздегі белгілі филолог әрі классикалық мәтіндерге түсініктеме беруші маман. Ол – «Классикалық мәтіндерге түсініктеме беру принциптері», «Классикалық мәтіндерге түсініктеме беру интерпретациясы және қытай иероглифтерін зерттеу», «Қытай иероглифтерінің конфигурациясына кіріспе» және басқа да көптеген еңбектердің авторы. Ол – еліміздегі иероглифтерді стандарттау мен таңбалауға үлес қосқан ғалым. Ван Нин профессор кітап жады болған жай ғана ғалым емес, оның қытай иероглифтерін оқыту туралы ойлары көпшілікке мәдени практика ретінде көбірек бағытталған.
Ван Нин профессор біз үшін мұқият дайындаған бұл лекция қытай жазуын ғылыми тұрғыдан түсінуге негізделген. Иероглифтердің формасы мен жазылуын оңтайландырып, заманға бейімдеп, жаһанға таралуына үздіксіз ықпал етіп, қытай дәстүрлі мәдениетін насихаттайды.
Енді Ван Нин профессормен бірге «Қытай жазуы және мәдениеті» курсына ат салысайық!
АШЫЛУ СӨЗІ
Құрметті жерлестер, достар! Мен Ұлттық кітапхана ұйымдастырған ашық онлайн курстары бойынша бірінші дәрісті өткізгелі отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл жолғы тақырып «Қытай жазуы мен мәдениетіне» арналады.
Қытай жазуы – Қытайда және әлемде қызу талқыға түскен, шығыс өркениетінің ең тартымды нышандарының бірі. Қазіргі кезде дүниенің түкпір-түкпірінен Қытайға келген жолаушылар, ең әуелі, әуежайға келіп қонып, ұшақтан түсе салған кезде иероглифпен жазылған «Қытай» деген екі үлкен жазуды көреді.
Қытайда иероглифтер әлдеқашан ел көлемінде толық таралғандықтан, ол ел азаматтарына күнделікті қарапайым жазу болып көрінуі мүмкін, бірақ иероглифтің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол қытай халқының тарихын жазып, көпсалалы қытай мәдениетін сақтап қалды. Мемлекетімізде жазу біртұтас иероглиф болғандықтан, ол диалектілік айырмашылықтарды жойып, жазба тілдің қарым-қатынас міндетін атқарды. Ал бұл қытай халқының бірлігін айтарлықтай арттырады. Иероглифтің арқасында Чжуан стиліндегі мөр ою, каллиграфия сияқты әлемдік деңгейдегі өнерлер жарыққа шықты. Қазіргі заманда иероглиф заманауи ақпаратты өңдеу мәселелерін әртүрлі тәсілдермен шешті: компьютерге де енді, жоғары технологиялық қиындықтармен бетпе-бет келді, соның нәтижесінде Қытай ақпараты Шығыс өркениетінің әлемге кедергісіз таралуына мүмкіндік берді. Иероглиф – қытай мәдениетінің қазынасы және бүкіл әлем халқының ортақ байлығы. Сондықтан «Қытай жазуы мен мәдениеті» – кімге болса да қызық тақырып деп ойлаймын. Мен бұл жобаны он лекцияға бөлдім. Осы он дәрісте сіздерге иероглифтің дамуы, эволюциясы, сипаты, ерекшеліктері, таңбалардың құрылымы, сызықтары туралы айтамын. Осы арқылы иероглифтерді неғұрлым ұтымды түсініп, сонымен бірге иероглифке қатысты кейбір практикалық мәселелерді талқылаймыз. Иероглифті саналы түрде дамыта отырып, ол туралы адамдардың ойындағы кейбір түсінбеушіліктерді шеше алатынымызға сенемін.
Ата-аналар мен мұғалімдер балаларға иероглиф үйрету мәселесіне қызығушылық танытуы мүмкін, мұны да біз осы он лекцияда талқылаймыз.
Он лекцияның уақыты шектеулі. Көбірек білгіңіз келсе, Ұлттық кітапханада оқитын кітаптар жетерлік. Әр лекциядан кейін сұрақ қоюға және қойылған сұраққа жауап беруге мүмкіндік беремін. Сіздерді қызықтырған барлық сұрақтарға барынша жауап беруге бар күшімді саламын. Бұл иероглиф тарихы ма, болмысы ма, үйрену туралы ма, бәріміз бірге талқылаймыз.
Бүгіннен бастап бізде мазмұнды он кездесу болады.
1-лекция. ӨРКЕНИЕТ ТАҢЫ. ҚЫТАЙ ЖАЗУЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ
Жазу пайда болған кезден бастап адамзат өркениет дәуірі басталған. Жазу тағылықтан азаматтық қоғамға баратын жолдың тоғысында дүниеге келген. Қытай жазуы – Қытай мәдениетінің бастауы. Бірінші лекцияда біз ең алдымен жазудың шығу тегі, яғни қашан пайда болғаны туралы талқылаймыз; тақырыбы – «Өркениет таңы».
Бүгінгі күні біз көріп жүрген «жазу» деп атауға болатын ең ертедегі таңбалар – Инь қирандыларынан қазып алынған цзягувэнь жазулары. Цзягувэнь жазуларының көпшілігі Аньян, Хэнань қаласынан қазылып алынған, ал кейбіреулері басқа жерлерден табылған. Цзягувэнь жазбаларында жазылған жазуларға қарағанда Шан әулеті заманында жазылып, 3400 жылдан астам тарихы бар.
Табылған 4000-нан астам күрделі цзягувэнь жазуларының ішінен біз 1000-ға жуық таңбаны тани алдық. Саны мен құрылымына қарағанда, цзягувэнь жазулары бастапқыда пайда болған ең ертедегі қытай жазуы болуы керек. Алайда цзягувэнь жазуларына дейін біз жазу ретінде расталатын жазбаша басқа белгілерді көрмедік. Цзягувэнь жазулары салыстырмалы түрде жетілген жазу болғандықтан, қытай жазуының қай кезде пайда болғанын анықтауға септігін тигізеді деген ойдамыз.
Кейде бұл тіпті жұмбақ мәселе сияқты көрінеді. Себебі біз жазудың арқасында жазбаша тарих жаздық, егер жазу болмаса, жазба тарих жазылмас еді. Яғни бұл тарихи кезеңді біз тарих басталғанға дейінгі дәуір деп атаймыз. Тарих басталғанға дейінгі бұрынғы дәуірде қытай жазуы болмаған, сондықтан жазудың қашан пайда болғанын растау қиын.
Сонымен бұл мәселені қалай шешеміз? Жазу пайда болған кезді қалай елестетуге болады? Біз мұны тек тиісті ақпарат жинай отырып, ғылыми әдістерді пайдаланып, зерттеулерге сүйеніп болжам жасаймыз. Сондықтан да жазудың шығу тегі – антропология, тарих, филология, археология ғылымдарының тоғысқан жері. Бұл – тереңдете зерттеуді қажет ететін тақырып. Көптеген сарапшылар археологиялық қазба жұмысына, отандық және шетелдік көне жазулардың даму тарихына, байырғы жазылған тарихи кітаптарға, кейбір аңыздар мен иероглифтердің даму заңдылықтарына сілтеме жасай отырып, жазудың шығу тегі туралы сұраққа нақты жауап іздеп келеді. Жалпы иероглифтердің қалай пайда болғанын және олар пайда болған кезде қандай күйде болғанын, қашан пайда болғанын шамалап болжайды.
Қытай жазуының шығу тегі туралы төрт негізгі болжам бар.
Біріншіден, дүниедегі жазудың шығуы мен даму заңдылықтарына сүйене отырып қорытынды жасау керек. Қытай – әлемдегі көне өркениет, ал қытай иероглифі әлемдегі ежелгі бес көне жазудың бірі. Оның дүниедегі басқа көне жазулар сияқты пайда болуы мен дамуында ортақ сипаты бар. Қытай жазуының шығу тегін анықтау үшін біз басқа ежелгі жазулардың жасалу заңдылықтарына да сүйенуіміз керек.
Ең алдымен, біз адамзаттың бұл әлемде өте ертеде, шамамен 50 миллион жыл бұрын пайда болғанын көрсетуіміз керек. Тіл – тек қана адам баласына тән қасиет, сондықтан да тіл өте ертеде пайда болған. Тіл мен жазудың пайда болуын салыстырғанда, тіл жазудан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Жалпы логикаға сүйенсек, жазу қашанда тағылықтан өркениетке бетбұрыс кезінде туындаған. Біз осы тұжырымға күмәнданбауымыз керек деп ойлаймын. Дүниежүзіндегі көне өркениеттердің бір ерекшелігі олардың барлығы үлкен өзен-көлдердің аңғарында пайда болған. Адамдар аман қалу үшін су бар жерлерде өмір сүрген. Ежелгі мәдениеттерді зерттейтін сарапшылар балық аулап, оны өсіруді ең ертедегі мәдениет деп санайды. Неліктен? Себебі адамдар, жануарлар және өсімдіктер бір-біріне тәуелді; олар бір күнде судан айырыла алмайды.
Қытай өркениеті ең әуелі Хуанхэ өзені, содан кейін Янцзы өзені алқабында дүниеге келген. Бәрімізге белгілі, Хуанхэ өзені – Қытай өркениетінің бесігі. Иероглиф – Қытай өркениетінің дамуымен бірге дербес пайда болған төл жазу.
Жазудың мұндай түрін біз өз бетінше дамыған жазу деп атаймыз. Әлемде өз бетімен дамыған бес ежелгі жазу бар екенін білеміз. Олар:
Осы кестеден біз өз бетінше дамыған жазулардың барлығы ежелгі өркениеттерде пайда болғанын және олардың барлығы үлкен өзен аңғарларында немесе суға бай жерлерде пайда болғанын көреміз.
Бірінші Вавилон – мұнда біз ежелгі Вавилон туралы айтып отырмыз; Киелі кітаптағы Вавилон – Жаңа Вавилон. Азияның батысындағы Армян үстіртінде Евфрат пен Тигр деген өзендері бар, олар Вавилонда орналасқан, тарихта Месопотамия деген атпен белгілі. Біздің дәуірімізге дейінгі 3200 жылдар шамасында өркениеті мен жазуы болды, бұл – әйгілі шумер сына жазуы.