Ниң Уаң – Қытай жазуы мен мәдениеті туралы он лекция (страница 12)
Ақырында, біз бір сұрақ туралы ойлауымыз керек: неге қытай иероглифтері әлі күнге дейін үзіліссіз жалғасып келеді? Менің ойымша, төрт себебі бар: ең алдымен, қытай иероглифтері қытай мәдениетінің тасымалдаушысы ретінде барлық этностарды біріктіріп, салтдәстүрін сақтап, бүгінгі күнге дейін жеткізді. Қытай иероглифімен ханзулар жазады, бірақ этникалық азшылықтар да қолданады.
Юань династиясы мен Цин әулетінің билеушілері хань ұлтынан емес еді, бірақ олардың барлығы қытай иероглифтерін өте жақсы сақтады. Тіпті Вэй, Цзинь, Оңтүстік және Солтүстік әулеттер кезінде шекарадағы көптеген этникалық азшылықтар да қытай иероглифтеріне үлес қосты. Менің ойымша, бұл иероглифтің одан әрі гүлденуінің бірінші себебі.
Екіншіден, тасымалдаушының ебедейсіздігі көптеген көне жазулардың жоғалып кетуіне тікелей себеп болды. Тасымалдаушы дегеніміз – жазу жазылған зат. Біз сіздерді ертедегі қасиетті кітаптың жазылуы және Шумер сына жазуымен таныстырдық. Олардың барлығы үлкен сазбалшықтарға жазылған. Бұл өте ыңғайсыз. Егер мен сіздерге хатты сазбалшыққа жазсам, оны Дунданнан Сиданьға апару үшін қаншама адам керек болады. Цзягувэнь жазулары тасбақа сауыты мен жануарлар сүйектеріне, ал қола жазулар қола ыдыстардың ернеуіне нақыштап салынды. Бамбук сырғытпалары пайда болғаннан кейін жазуды бамбук қабықтарына жазып, домалатып орамды айналдыру, үлкен прогреске апарды. Бірақ оның да қолайлы жақтары болған жоқ, кейін сөздер жұқа жібекке жазылып, содан барып қағаз ойлап тапты. Қолайлы мүмкіндіктердің арта түсуіне байланысты, иероглиф жазу құралдары да үнемі жетілдірілді. Жұмсақ қаламдардан қатты қаламдарға, қылқаламдардан фонтан қаламдарға, қарындашқа дейін бірқыдыру барысты басынан өткізді. Бүгінгі компьютер дәуірі қытай иероглифтерінің жазу тиімділігін арттыра түсуде. Жазу тәсілдері мен жазу құралдарының эволюциясы қытай халқының даналық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Бұл – иероглиф өркендеуінің екінші себебі.
Үшіншіден, жазуды аз санды адамдар монополиялап алса, оның мәңгілік болуы қиынға соғады. Дегенмен иероглифтер халықтар арасында өте ерте танымал болды және Цан Цзені құрметтеу, жазуды қастерлеу аясында өсіп, дамыды. Қытай халқы Цан Цзені қастерлеп, каллиграфияға үлкен құрметпен қарайды. Кішкентай кезімде үйдің әр жерінде «жазу қағазын аяла» деген жазбалар ілініп тұратын. Қағазға жазылған жазу болса болды, оны құрметтеп, албаты тастамайтынбыз. «Қағазды құрметтеудің» мәні неде? Бұл – қытай иероглифінің құрметі. Жазу ақсүйектердің монополиясына түссе, ол күрделеніп, бірте-бірте әлеуметтік құндылығын жоғалтады. Жалпы ақсүйектердің иероглифті толық монополияға айналдыруы қиын. Бүгінгі қолымызда бар жазбалар мен құжаттардың ішінде императорларға арналған ескерткіш жазулар, өткен әулет шежірешілері жазған естеліктер, қарапайым адамдар жазған жазбалар, құлпытас ойма жазулары бар. Мысалы, суды үнемдеу ескерткіші – қарапайым халық арасындағы су ресурстарын бөлу туралы келісімшарт. Ол ескерткішке келісімшарт ретінде қашалып жазылған. Мысалы, суды үнемдеу ескерткіші қарапайым халық арасындағы су ресурстарын бөлу туралы келісімшарт ескерткішке қашалып жазылған. Қытай тарихында халықтың көпшілігі иероглиф пайдаланды, сақтады, құрметтеді. Бұл – қытай иероглифтерінің гүлденуінің үшінші себебі.
Қытай иероглифтері – өте әдемі жазу. Ол сурет жазуынан дамып, екі өлшемді конфигурация үлгісін сақтайды, сондықтан оны өнер туындысына оңай айналдыруға болады. Қытай иероглифінің каллиграфия өнері – Қытай мәдениетінің қазынасы. Каллиграфтардың сиясының тамшысы болсын, халықтың талғампаз қағаз қию өнері болсын, олардың барлығы әлемде шексіз қызығушылық тудырды. Көптеген өлмейтін каллиграфиялық туындылар иероглиф тарихымен бірге жаңа заманға көшті. Бұл – қытай иероглифтері таралуының төртінші себебі.
Меніңше, Қытай жазуының мыңдаған жылдар бойы үзіліссіз игеріліп, бізге қызмет етуінің жоғарыдағы төрт себебі – иероглифтің өміршеңдігі мен тарихының тереңде екенінің нәтижесі, сонымен қатар халық даналығының жауһары, мәдениетінің қазынасы әрі құнды байлығы. Иероглифтің сипаты мен ерекшелігі мыңдаған жылдар бойы дамып қалыптасты. Бұл сипаттамалар ақпараттық қоғамға енуімізге жол ашып қана қоймай, иероглифтердің компьютерге енуіне жақсы мүмкіндік берді. Сонымен қатар иероглифтердің идеографиялық сипаты бізге ұзақ сақталған тарихи жәдігерлерді өте ыңғайлы түрде жеткізеді. Сіз оны қаншалықты түсінсеңіз, соғұрлым оны бағалайсыз, жақсы көресіз және оны ынтамен үйренесіз, қорғайсыз. Біз кейде балаларымызға ден қойып мұқият жаз деп айтамыз, бірақ қанша айтсақ та, олар кейде түсінбейді. Осы кезде сіз оған мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан иероглиф тарихын байыппен түсіндіруіңіз керек. Ұлттық мәдениетке деген мақтаныш сезімі оянғаннан кейін, білім беру саласында, бұқаралық ақпарат құралдарында, тіпті ойын-сауық қимылдарында да иероглифтерді құрметтеп, қадірлеп, оларды қорғауға тиіспіз. Бұл – сіздерге қытай иероглифтерінің сипаты мен ерекшелігі туралы әңгімелеп беруімнің басты себебі.
ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ СҰРАҚ-ЖАУАП
Сұрақ: Иероглифтерді жеңілдету туралы айттыңыз, мен мұны жазуды жеңілдету мен сабақтастық деп түсінемін. Менің ойымша, дәстүрлі қытай жазуының формасы дәстүрлі мәдениетімізбен тығыз байланысып, кейбір ақпаратты сақтап отыр. Егер солай екені рас болса, біз неге дәстүрлі жазуды сақтай алмадық?
Сұрақ: Сәлеметсіз бе, Ван ұстаз! Қазір интернетте жаңадан жасалған иероглифтер бар, мысалы, « 囧 », немесе осыдан аз уақыт бұрын танымал болған «duang». Сіз қытай иероглифтерін стандарттауға баса назар аударып жүрсіз. Білгім келетіні, сіздің ойыңызша, мұндай сөздер қытай иероглифтерін стандартталуына әсер ете ме? Басқаша айтқанда, біз оны қытай иероглифтерінің өміршеңдігінің көрінісі ретінде қарастыра аламыз ба? Рақмет!