18+
реклама
18+
Бургер менюБургер меню

Ниң Уаң – Қытай жазуы мен мәдениеті туралы он лекция (страница 11)

18

1. Кең мағынада жіктелу. Екі мысалды қарастырайық:

«介 jiè » ара, орта, кіріспе және таныстыру, делдал болу мағынасына ие, сондықтан ол ортаны, аралықты білдіреді. «介» төбесіне «田» қойсақ, «界» шекара, шек, ірге, шет, жиек, аумақ, өріс, көлем деген мағына шығады. Тағы цзяосыпан кілтін иероглифтің жанына қойған «紒 jì» шаш түю дегендегі «түю» мағынасын және қытайдың ерте заманғы киімдеріне тігілген түймелерді түймелеу деген мағыналарды білдіреді. «介»-нің беретін мағынасы өте кең. Әртүрлі мағыналық компоненттер қосылғаннан кейін «界» мен «紒» мағынасы нақтылана түскенін көреміз.

«和» әдетте бейбітшілік пен келісімді білдіреді. Ол мағыналық компоненттерді өзгерту арқылы бөлшектенген. «口» «皿»-ге өзгеріп, «盉» пайда болған, бұл – ежелгі шарап құйып араластыратын сирақты шәйнек. «口» «龠»- ге өзгеріп, « 龢 гармония» құрайды, гармония яғни музыкалық дыбыстардың үндестігі. Бұл фонетикалық санаттағы иероглифтер мағыналық белгілерді өзіне қосып, өзгергеннен түрленген.

2. Мағынасы бойынша жіктелу:

« 止 » бастапқы мағынасы « 脚 » аяқты білдірген. Цзягувэнь жазуларында бұл таңба аяқтың пиктограммасы. Аяқ – тұрақты тұратын тірек, ал «тоқтату» бір орыннан қозғалып барып тұру. Аяқ пен тоқтау мағыналарын ажырату қиындау, сондықтан «аяқ» сөзіне цзуцзыпан қосылып, «саусақ, бақай» болып өзгерді. Кейін «аяқ» мағынасын анықтайтын түпнұсқа иероглиф болды. Әсілі, бастапқы сөз тұру, аялдау мағынасын білдірген. Оның жанына туцзыпан « 址 » қосылып, мекенжай, орын деген мағынада. Қытай иероглифтерінің даму үдерісінде иероглифпен жазылған сөздер жаңа мағына тудырғанда, көбінесе белгі пішіндерін ажырату үшін мағына жасау ережелерінің әсерінен қосылып немесе өзгертіліп отырады. Мұндай құбылыстар өте көп. Мысалы, «窄» тар, кішкене кеңістікті білдіреді. Егер затты үстінен таспен бассаңыз, оның көлемі кішірейе береді. Сондықтан қыш ыдысқа салып, үстін ауыр затпен басып маринадталған тамақты «榨菜» деп атайды. Яғни, «窄» сөзінің жанына муцзыпан кілтін қосып, «榨» сөзін тудырған. Тағы « 化 » сияқты өте қызықты саралау құбылыстары да бар. Сяоцжуанда тік тұрған адам және төңкерілген адам бар. Адам мағынасын білдіретін иероглифті төңкеріп жіберсе, өзгеріс деген мағына шыға келеді. Егер «化»-ның алдына яньцзыпан қоссаңыз, «讹» сес көрсету, құқай көрсету деген мағына шығады. Әсілі, « 讹 » қате, дұрыс емес деген мағыналарды білдіреді. Өзгеріс сөзі қалайша қате деген ұғымға айналуы мүмкін? Шын мәнінде, бұл Қытай халқының өте дәстүрлі құндылық тұжырымдамасын көрсетеді, яғни табиғат бәрінен мықты, ол тым көп өзгеріске ұшыраса, өзінің ерекшелігінен алшақтап, дұрыс емес өзгеріске тап болады деген көзқарас.

Соңында біз жалпыланған фонетикалық санаттағы иероглифтерді қарастырамыз. Мысалдар жинағы төменде:

Бұлардың барлығы – тасаттық беру, құрбан шалуға қатысты таңбалар. Бірінші жол – цзчгувэнь жазулары, екінші жол – қола жазулары, үшіншісі – сяочжуань жазуы. Алдымен, осы көне тоғыз иероглифті қарастырайық: бірінші белгі – құрбандық шалу «祭», екіншісі – «祀», үшіншісі – «福» . Бұрынғылар «福» құдай жарылқау деп есептеген. Сондықтан ол құрбандық шалумен қатысты. Төменде « 祖 » – ата-баба, ата-бабаға арнап тасаттық беретін тауапхана «祠». «祝» құттықтау, «社» киелі жер деген мағынаны білдіреді. Ертеде жер құдайына табынып, тілек тілеп, «祈» мен «礼» дұға жасау.

Біз « 示 »-ның фонетикалық санаттағы иероглиф ретіндегі формасынан оның әлі толық қалыптаспаған цзягувэнь жазбалары екенін көрдік. Сонымен қатар «祭»- ға бағынатын және бағынбайтын « 示 »-ның екі түрлі формасынан басқа «祀» мен «祝» деген екі таңбада ғана «示» компоненті бар, 福, 祖, 祈, 礼-ларда «示» компоненті жоқ. Қазіргі жазу бойынша шибупаньдар бірте-бірте жүйеге келіп, сяочжуаньдағы шибупаньдар одан әрі жетілдірілді. 福, 祖, 祈, 礼 сияқты құрбандық шалуға қатысты иероглифтер жаңа мағыналармен толықтырылды. Бұл жалпылау процесі – өздігінен ұйымдастырылатын құбылыс. Оны адамдар реттемей-ақ мағынаны білдіру заңдылықтары арқылы табиғи насихаттаудан шыққан.

Фонетикалық санаттағы иероглифтердің үш қайнар көзі мен түрін түсінгеннен кейін біз фонетикалық санаттағы иероглифтердің мағыналық белгілер мен дыбыстық белгілердің қарапайым тіркесуі емес екенін көрдік. Бастапқыда оның орнында сөз болды. Идеографиялық ақпараты бай және түсінікті болу үшін оның мағынасын білдіретін белгі қосылып, бастапқы пішіні дыбыстық белгіге айналды. Фонетикалық санаттағы иероглифтер жаңа таңбаларды шығару мақсатында мағыналық ақпаратты үнемі қосып және жаңа сөздерді саралау динамикалық процесінде жасалып, одан ары дамыды. Осы тұрғыдан алғанда фонетикалық санаттағы иероглифтер логограмма емес, идеограммалар. Бұл – идеографиялық жазу жүйесіндегі иероглифтер құрылымының ең маңызды және жан-жақты түрі. Фонетикалық санаттағы иероглифтердің пайда болуымен кез келген таңба құраушы идеографиялық символ әрі мағыналық, әрі фонетикалық қызмет атқара алады. Мысал ретінде «口» ауыз сөзін алайық. Жеу, ішу, жырлау, ән айту, айқайлау, шақыру сияқты көп қолданатын сөздер және ауызға қатысты сөздердің барлығы осы «口»-дан туындаған. Сонымен бірге оны дыбыстық белгі ретінде де қолдануға болады. Сұрастыру, түймелеу дегендегі дыбыстардың барлығы «口»-дан алынған. «口» сөзінің қос таңба жасау функциясы бар. Сондықтан қытай иероглифтері ықшамды, өміршеңдігі күшті бір таңбамен көп мағынаны білдіреді.

Фонетикалық санаттағы иероглифт бөліктерінің ішінде пішіндік таңбалар, мағыналық немесе фонетикалық белгілер болсын, олардың барлығы мағына арқылы қалыптасқан. Фонетикалық санаттағы иероглифтер – дыбыстық белгілері пиньинь жазуының фонограммасынан өзгеше. ABCD деген белгілердің дыбыстары бар, мағынасы жоқ. Әріптер дыбысты жаза алады, бірақ мағына білдіре алмайды. Ағылшын тілін түсінбейтін адамдар ағылшынша сөздерді оқи алады, әріпті жаза алады, бірақ мағынасын түсіне алмайды. Фонетикалық санаттағы иероглифтер дыбыстық белгілері өз кезегінде көптеген дыбыстық белгілерден түрленіп, идеографиялық символға айналғандықтан, дәл дұрыс айтылмайды. Күнделікті өмірде «сөздің жартысын айтып, жартысын айтатындарға» жиі күлеміз. Дыбыссыз дыбыс пен дыбысталу арасында сәйкессіздік құбылысы неліктен орын алады? Фонетикалық санаттағы иероглифтер алғаш жасалғанда дауыссыз дыбыстар мен тұтас сөздің айтылуы негізінен бірдей болған. Алайда ежелгі және қазіргі дыбыстардың айтылудағы айырмашылықтары, солтүстік өңір мен оңтүстік өңір тұрғындарының дауыссыз дыбыстар мен тұтас сөздерді айтылу ерекшелігіне байланысты болған. Сонымен дауыссыз дыбыстардың қызметі қандай? Бұл – таңбаларды бір-бірінен ажырататын элемент. Мысал ретінде «木部»-ды алайық. Қытай тіліндегі «木» муцзыпанмен жасалатын көптеген иероглифтер бар, бірақ олардың дауыссыз дыбыстары әртүрлі, сондықтан бұларды ажыратуға болады. Қорыта айтқанда, фонетикалық санаттағы иероглифтердің сөзжасам бөліктері идеограммалар, олар – иероглифтердің мағыналық ақпаратын арттыру үшін жасалған қалыптасу үлгісі. Олар жасалғаннан кейін фонетикалық санаттағы иероглифтердің қызметі жүйелі сипатқа ие болды. Бұл, әрине, идеографиялық жазудың бір түрі, бірақ фонетикалық жазу емес.

Қытай жазуының сипатымен танысқаннан кейін біз иероглифтердің ерекшеліктерін қорытындылаймыз: біріншіден, қытай жазуы идеографиялық жазу. Екіншіден, қытай жазуы – буындық жазулар, яғни бір иероглиф бір буын, бір мағынаны білдіреді. Үшіншіден, қытай жазуы – көне заманнан бүгінге дейін үзіліссіз сақталып, қолданылып келе жатқан жазу әрі екі бөліктен тұратын шаршы таңбалар. Сонымен қытай жазуының бұл сипатын қалай анықтаймыз?

Ең алдымен, иероглиф қытай тілін жазып алу қажетіне байланысты жасалып, дамыды. Қытай тілінің ерекшеліктері қытай иероглифінің ерекшелігін анықтайды. Қытай тілі – мағынаға мән беретін түбір тіл. Қытай таңбаларының екі өлшемді конфигурациясы негізінен форма және мағына, бұл қытай тілінің сөздік қорына өте пайдалы.

Екіншіден, қытай жазуының қайнар көзі – ерте заманнан бастау алған иероглиф, қытай ұлтының өз туған жерінде жасаған және қытай ұлтының ұзақ тарихы мен мәдениетінің жауһары. Иероглиф жазу тасымалдаушысы ретінде үнемі жетіліп, үздіксіз дамып отырды. Ол өзі елеулі өзгерістерсіз, үздіксіз байытылып, толассыз алға ілгеріледі. Мысалы, мағына « 意 » дегенде төбесінде дыбыс тұр да, төменгі жағында жүрек бар. Егер біз екі өлшемді құрылымнан бас тартсақ, әрбір сызық пен құрамдас бөлікті бөліп алып, оларды ағылшын тіліндегідей әліпби түрде орналастырсақ, біз оны тани аламыз ба? Екі бөліктен тұратын қытай иероглифтері – құрылымы ықшамды, сөзжасамның тиімді үлгісі. Ол қытай халқының мәдени психологиясына түбегейлі енген. Иероглифтің өзіндік төл сипатына байланысты екі бөліктен құралған идеограммада терең мәдени коннотациялар бар. Төменде қызық мысал: «独» және «群». Неліктен жалғыз өзі дегендегі «жалғыз» сөзі итпен, ал «топ» деген сөз қоймен байланысты? Мал бағудың жайкүйін ойлап көріңізші, қойды табындап бақса, ит шопанға еріп жеке жүреді. Қытай иероглифі – Қытай тарихы мен мәдениетінің тасымалдаушысы. Бұл туралы кейінірек түсіндіреміз. Бір сөзбен айтқанда, иероглифтер қытай тілінің ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олар пайда болғаннан бастап қытай ұлтының тамыры тереңге жайылған тарихы мен мәдениетін асқақтатып жүр. Қытай иероглифтерінің ерекшеліктері, міне, осылай пайда болған.