Ларри Кинг – Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары (страница 3)
Басқа адамдардың білімін әрқашан құрметтеңіз. Тыңдаушыларыңыз әрқашан сіздің оларға деген көзқарасыңызды байқайды. Егер оларды құрметтейтініңізді сезінсе, сіз сөйлеген кезде мұқият тыңдайтын болады. Ал керісінше болған жағдайда, сіз айтқан немесе жасаған ештеңе оларды қызықтырмайтын болады.
Менің табысқа жету формуламның соңғы бөлігі – ашықтық. Мысал ретінде радиоға алғаш шыққан кездегі қорқынышты жеңуге көмектескен ашық мойындауымды келтіруге болады. Маңызды ереже – басқалардың сізге қалай қарағанын қаласаңыз, сіз де оларға солай қарауыңыз керек. Бұл ереже әңгімеге де қатысты. Сіз өзіңіздің әңгімелесушілеріңізбен олар сізбен бірге болғысы келетіндей ашық және шынайы болуыңыз керек.
Бұл сіз үнемі өзіңіз туралы айта беруіңіз немесе жеке құпияларыңызды жария етуіңіз керек дегенді білдірмейді. Шындығында, барлығы керісінше. Көршіңіздің денсаулығына қатысты қиындықтары туралы тыңдағыңыз келе ме? Немесе әріптесіңіздің демалыс күндерін қайын енесімен өткізгені жайлы ма? Тыңдағыңыз келмейтін шығар, сондықтан мұндай тақырыптарды қозғамаған жөн.
Сонымен қатар, сіз басқа адамнан сұрайтын ақпаратты өз тарапыңыздан да бөлісуге дайын
Адамдарға өткеніңіз туралы, ұнататын және ұнатпайтын нәрселер туралы айту – сөйлесудің негізгі бөліктерінің бірі. Біз осы тақырыптар арқылы адамдарды танимыз.
Реджис Филбин мен Кэти Ли Джиффорд – қонақтарымен сөйлескен кезде өздері туралы ашық сөйлейтін адамдардың жақсы мысалдары. Олар сізбен оңай әрі жеңіл сөйлеседі және өз талғамдарын көрсетуден немесе өздері туралы сөйлеуден қорықпайды. Көрермендердің бар назарын
Менімен бірнеше минуттан артық сөйлескен кез келген адам мен туралы кем дегенде екі нәрсені біледі: 1) мен Бруклинненмін және 2) мен – евреймін.
Олар мұны қайдан біледі? Өйткені мен өзімнің өткенімді өзім сөйлескен барлық адамдармен бөлісемін. Бұл – менің бір бөлігім. Мен еврей екенімді де, Бруклиннен екенімді де мақтан тұтамын. Осылай мен өткенім жайлы көп айтамын және өткенім туралы адамдармен бөліскенді ұнатамын.
Егер мен кекеш болсам, мен оны да сөйлесіп отырған адаммен бөлісер едім. «Т-т-танысқаныма қ-қ-қуаныштымын. М-м-менің атым Ларри Кинг. Мен к-к-кекештеніп сөйлеймін, бірақ сізбен сөйлескеніме қуаныштымын»
Осылайша, сіз өзіңіз туралы айтып бересіз. Енді сөйлесуден қорқудың еш себебі жоқ, өйткені сіз өз жағдайыңыз жайлы айтып қойдыңыз. Тіпті сіз айтпасаңыз да басқалар бәрібір оны байқайтыны анық. Бұл сіздің кекештенуіңізді емдемейді, бірақ бұл сізге жасқанбай сөйлеуге, сондай-ақ сіз сөйлесе бастаған адамның құрметіне ие болуға көмектеседі.
Кантри-вестерн әншісі Мел Тиллис те осы әдісті қолданады. Ол ән айтқан кезде кекештігі білінбегенмен, сөйлеген кезде байқалады. Бірақ Мелдің атақты әнші болуына кекештігі кедергі болған жоқ. Керісінше, ол бұл туралы ашық айтады, әзілдейді және өзін-өзі еркін ұстайды.
Менің Флоридадағы телешоуымда белгілі бір сөйлеу ақауымен дүниеге келген қонақ болды, сондықтан оны түсіну қиынға түсті. Алайда ол менің шоуыма қатысып, өзі туралы айтуға қуана келісті. Кейбір адамдар кемшілік деп санайтын ерекшелігіне қарамастан, ол мультимиллионер атанды. Мультимиллионер болу үшін не істеді деп ойлайсыз? Ол өз жолын қарапайым сатушы болып бастаған. Ең маңыздысы, ол өзі сөйлескен адамдардан айқын нәрсені жасыруға тырыспай, керісінше өзінің «күлкілі сөйлейтінін» мойындайтын. Соның арқасында сәттілікке қол жеткізді.
2
Бірінші қадам
Күнделікті өмірде немесе кәсіби ортада болсын, адамдармен сөйлесу кезінде ұмытпау керек алғашқы ережелердің бірі – сөйлесушіңіздің бойын еркін ұстауына көмектесу болып табылады. Көп адамдар негізінен ұялшақ болып келеді, ал ұялшақтық сезімі маған таныс. Бруклиннен шыққан көзілдірік киген еврей жігіті ұялшақтықтың не екенін біледі. Біз бәріміз бұрын кездеспеген адаммен сөйлескенде немесе көпшілік алдында бірінші рет сөйлегенде қобалжуға немесе кем дегенде қолайсыздықты сезінуге бейімбіз.
Мен тапқан ұялшақтықты жеңудің ең жақсы жолы – сөйлесіп жатқан адам шалбарын әр аяғына кезекпен киетінін еске түсіру. Әрине, бұл клише, бірақ көптеген клишелер сияқты шындыққа жанасады. Клишеге айналған себебі де сол шығар.
Бұл клише біздің бәріміз жай ғана адам екенімізді еске салады, сондықтан сіз төрт академиялық деңгейі бар колледж профессорымен немесе ғарышқа сағатына 18 000 миль жылдамдықпен ұшқан ғарышкермен, немесе сіздің штатыңыздың губернаторы болып сайланған адаммен сөйлескен уақытта олар да сіз сияқты қарапайым адам екенін ұмытпауыңыз керек.
Әрқашан есте сақтаңыз: сіз өзіңізді оларға тең деп санасаңыз да, санамасаңыз да, сөйлесіп жатқан адамдарға сізге олармен сөйлесу қызық екенін көрсетіңіз, сол кезде басқалар да сізбен сөйлескеннен ләззат алады.
Есіңізде болсын, біз бәріміз бір ортадан шықтық, бәріміз өз жолымызды бірдей бастадық. Арамызда байлық пен дәулеттің ортасында дүниеге келгендер аз. Кеннеди, Рокфеллер немесе солар сияқты таңдаулы отбасылардың мүшесі болып туылу бәріне бірдей бұйырмаған. Біздің көпшілігіміз орташа немесе төмен табысы бар отбасылардың балалары ретінде бастадық. Колледжде оқып жүріп оқу ақысын төлеу үшін жарты күн жұмыс істедік, мансабымызды бастаған кезде бірден толыққанды жұмыс табылмайтын. Мүмкін, біз сөйлесіп отырған адамдар да кезінде дәл сондай жағдайда болған шығар. Біз олар сияқты бай және атақты, өз саламызда дәл солар сияқты табысты емеспіз, бірақ біздің ата-бабаларымыз бір әлеуметтік ортадан шыққан болуы мүмкін, сондықтан біз бауырлар сияқты сөйлесе аламыз.
Өзіңізді басқалардан төмен сезініп, олармен араласудан қорықпаңыз. Сіз бұл бөлмеде өзіңіз сөйлесіп отырған адаммен тең дәрежеде тұрсыз.
Сіздің бойыңыздағы ұялшақтықты жеңу үшін сізбен сөйлесіп отырған адамның да дәл сіз сияқты ұялшақ болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз, өйткені біздің көпшілігіміз сіз ойлағаннан да көбірек ұяламыз. Бұл туралы өзіңізге еске салу сіздің ұялшақтықтан арылу қабілетіңізге керемет әсер етеді.
Кейде сіз өзіңізден
Америка Құрама Штаттарында ғана емес, Германияда, Жапонияда, Вьетнамда және басқа елдерде таралған «Эйстер» деп аталатын осындай ұшқыштардың қоғамдық ұйымы бар.
1960 жылдардың соңында «Mutual Broadcasting System» ұйымының барлық бөлімдері Майамиде кездескен болатын. Ал мен болсам аталған компанияның сол кездегі филиалы болған «WIOD» радиостанциясында кешкі ток-шоуды жүргізетінмін. «Miami Herald» газеті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеті неміс ұшағын атып түсірген, биржалық талдаушы, Майамиде тұратын жалғыз «эйсті» тапты. Газет баспаханасы менің продюсеріме қоңырау шалып, оны эфирге шақыруды ұсынып, олар бұл шоу туралы репортажды өздерінің очеркіне қосатындарын айтты.
Біз эйстің шоуға қатысуына өтініш жасадық. Оның жұмыс уақыты сағат түнгі он бірден он екіге дейін, тура бір сағат болып бекітілді. Газет баспаханасы репортёр мен фотограф жіберетін болып келістік.
Қонағым студияға келгенде мен онымен қол алыстым, сол кезде оның алақанының терлегенін байқадым. Ал сәлем айтқанын әрең естідім. Оның қобалжығаны анық. Осынша
Желілік жаңалықтарды бес минуттық шолудан кейін мен сағат 11:05-те Эйстер туралы қысқаша шолумен бағдарламаны аштым. Содан кейін бірінші сұрағымды қойдым:
– Сіз неге өз еркіңізбен ұшқыш болдыңыз?
– Мен білмеймін.
– Демек, сіздің ұшуды ұнататыныңыз анық.
– Иә.
– Сіз неге ұшуды ұнататыныңызды білесіз бе?
– Жоқ.
Тағы біраз сұрақтар бар еді, олардың барлығына біздің эйс үш сөзбен немесе одан да аз сөзбен жауап берді – «Иә. Жоқ. Мен білмеймін».
Мен студиядағы сағатқа қарасам, сағат 11:07-ні көрсетіп тұр, ал менің дайындаған материалым таусылды. Бұл адамнан енді сұрайтын ештеңе жоқ.
Ол қатты қорқып тұрды. Бойын
Мен тағы да өзімнің түйсігіме сеніп, эфирдегі қонақтан сұрадым: «Егер дәл қазір аспанда жаудың бес ұшағы болса, ал станцияның артында сіздің ұшағыңыз дайын тұрса, сіз тағы да әуеге көтерілер ме едіңіз?»
– Иә.
– Сіз қобалжыған болар ма едіңіз?
– Жоқ.
– Онда неге қазір қобалжып тұрсыз?
Оның жауабы: «Өйткені бізді кім тыңдайтынын білмеймін».