реклама
Бургер менюБургер меню

Ларри Кинг – Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары (страница 2)

18

Менің арманым орындалды! Мен тек радиода ғана емес, сонымен қатар күн сайын таңертең үш сағат, түстен кейін тағы бес-алты рет эфирге шығуым керек еді, яғни «CBS» супержұлдызы Артур Годфри сияқты эфирге жиі шығатын болдым.

Сол демалыс күндері тікелей эфирде айтатынымды тоқтаусыз қайталай бергендіктен, дүйсенбі күні сегіз жарымда қатты шаршайтынмын. Аузым құрғап, су мен кофе іше бердім. Эфирде қоятын Лес Элгарттың «Swingin' down the Lane» атты әнін жазып алып, студияға кірген бойда оны эфир басында ойнатуға дайындап қойдым. Әр минут сайын көбірек қобалжу арта түсті.

Содан кейін Маршалл Симмондс сәттілік тілеу үшін мені өз кабинетіне шақырды. Алғыс айтқаннан кейін ол менен:

– Сен қандай атпен шықпақшысың? – деп сұрады.

– Нені меңзеп тұрсыз? – дедім.

– Ларри Зейгер болып қала алмайсың. Тыңдаушылардың естерінде қалмайды, әрі жазылуы да оңай емес. Саған есте қаларлық, жақсырақ ат керек.

Симмондстың үстелінде «Miami Herald» газетінің жарнамалар беті ашылып жатыр еді, ашылған бетте Кинг компаниясының ликерлерінің көтерме сатылымының жарнамасы тұрды. Маршалл көзін төмен түсіріп:

– Ларри Кинг деген қалай? – деп сұрады.

– Болады.

– Жақсы. Енді сені Ларри Кинг деп атайтын боламыз. Сен «Larry King Live» шоуының жүргізушісі боласың.

Сонымен, менде жаңа жұмыс, жаңа шоу, тіпті жаңа есім де пайда болды. Жаңалықтар тоғызда басталады. «Larry King Live» шоуын әлемге жария етуге барлығы дайын, ал мен болсам өзімді аузыма су толтырып алған адамдай сезіндім.

Шағын станцияларда әдетте бар жұмысты жүргізушінің өзі жасайтын болғандықтан, мен әнді өзім қостым. Содан кейін сөйлей бастау үшін әнді бәсеңдеттім. Бірақ ештеңе айта алмадым.

Сол себепті әннің даусын қайта көтеріп, қайтадан төмендеттім. Әлі бір сөз де айтқан жоқпын. Бұл тағы үшінші рет қайталанды. Тыңдаушыларымның бар естігені – әннің біресе қатты, біресе ақырын ойнағаны.

Мен өзіме қателескенімді, сөйлегенді ұнатсам да, оны кәсіби түрде жасауға дайын емес екенімді айтқаным әлі есімде. Маған радиодағы жұмыс ұнайтынын білдім, бірақ мен оған дайын емес екенім анық болды. Радиода жүргізуші болуға батылым жетпеді.

Ақырында маған осындай керемет мүмкіндік берген өте мейірімді жан Маршалл Симмондс шыдамы жетпей жарыла жаздады. Ол мен отырған студияның есігін теуіп баса көктеп кірді де, маған былай деді: «Бұл жерде сөйлеу керек!»

Содан кейін ол бұрылып, сыртқа шығып, артынан есікті тарс жауып кетіп қалды.

Сол сәтте мен микрофонға қарай жақын келіп, диктор ретінде алғаш рет сөйлей бастадым:

– Қайырлы таң! Бұл – менің радиодағы алғашқы күнім. Мен әрдайым эфир жүргізуді армандап келдім. Демалыс күндері тоқтаусыз дайындалдым. Он бес минут бұрын маған жаңа есім берілді. Орындалатын тематикалық ән де дайын еді. Бірақ менің аузым құрғап кетіп, қатты қобалжыдым. Ал бас менеджер болса есікті теуіп ашып: «Бұл жерде сөйлеу керек!» – деді.

Тым болмаса осы сөздерді айта алғанымның өзі менің бойымда бағдарламаны ары қарай жалғастыруға сенімділік ұялатты, ал шоудың қалған бөлігі жақсы өтті. Бұл менің спикер ретіндегі мансабымның басы болды. Осыдан кейін мен радиода ешқашан қобалжыған емеспін.

Шынайылық

Мен сол күні таңертең Майами-Бичте сөйлеу туралы бірнәрсе білдім: эфирде болсын-болмасын, шынайы болыңыз.

Сонда сіз ешқашан трансляция немесе сөйлеудің кез келген басқа саласында да қателеспейсіз. Артур Годфридың маған қалай табысты тележүргізуші болу туралы айтқаны: тыңдаушыларың мен көрермендеріңе өз тәжірибелерің мен өз сезімдеріңмен бөлісуге мүмкіндік бер.

Менің телевизиялық ток-шоу жүргізушісі ретінде бастамам да Майамиде өтті. Сол кезде мен алғашқы радио эфирімдегідей қатты қобалжуды тағы да бастан кештім.

Менің бұрын-соңды теледидар бағдарламасына түсіп көрмегенім мені қобалжытты. Продюсерлер мені айналмалы орындыққа отырғызып қойған еді. Бұл – үлкен қателік болды. Менің мазасызданғаным соншалық, айналмалы орындықта көрермендердің көзінше ары-бері теңселе беріппін.

Күлкіге қалмас үшін мен көрермендер менің жағдайымды түсінер деген оймен өзімнің қобалжып тұрғаныммен бөлістім: «Мен радиода үш жыл жұмыс жасасам да, бұл менің теледидарға бірінші рет шығуым. Оның үстіне біреу мені мына айналмалы орындыққа отырғызып қойды».

Енді бәрі менің жағдайымды білген соң, мен қобалжуды қойып, сенімді сөйлей бастадым. Осылай мен сөйлескен адамдармен шынайы болғанымның арқасында теледидардағы алғашқы кештен-ақ бағым жанды.

Өткенде бір адам менен:

– Сіз «NBC News» дәлізімен келе жатырсыз делік, біреу сізді ұстап алып, студиядағы орындыққа отырғызып, қолыңызға қағаздарды беріп: «Брокау ауырып жатыр. Сен эфирдесің» деп айтса, сіз не істер едіңіз? – деп сұрады.

Мен сұрақ қойған адамға тек шынайы болатынымды, камераға қарап: «Мен “NBC”-де дәлізде келе жатқан едім, біреу мені ұстап алды да, маған осы қағаздарды қолыма ұстатып: “Брокау ауырып жатыр. Сен эфирдесің” дегенін айтатын едім», – деп жауап бердім.

Сол кезде бүкіл аудитория менің ешқашан жаңалықтарға түспегенімді бірден түсінеді, мен әрі қарай не болатынын білмеймін, өзіме бейтаныс мәтін оқи беремін, тіпті қай камераға қарау керектігін де білмеймін. Осы сәтте мен барлық көрермендермен бірге тура бір қайықтағыдай сезінеміз. Олар менің аудиториямен шынайы болғанымды және менің барынша тырысып жатқанымды біледі.

Мен оларға не істеп жатқанымды ғана емес, сонымен бірге өзімнің басыма түскен жағдайды айтып жеткізе алдым, енді мен көрермендермен жалған импровизация жасағаннан гөрі әлдеқайда жақсы қарым-қатынаста боламын. Керісінше, егер мен биік белестерге жетсем, жағдайым керемет болса, мен оны да аудиторияммен бөлісемін, себебі олар менімен бірге барлығына куә болған – олар менің тәжірибемнің бір бөлігі.

Табысқа жету формуласының құрамдас бөліктері

Дұрыс көзқарас, яғни бастапқыда ыңғайсыз болуы мүмкін болса да, сөйлеуге деген ұмтылысты жоғалтпау – жақсы спикер болудың тағы бір негізгі ингредиенті. Сол Майамидегі радио студиясындағы сәтсәздіктен кейін, менде осындай көзқарас қалыптасты. Бар қобалжуларымды басқаннан кейін, мен екі нәрсені жасауға міндеттендім:

1. Мен «сөйлеуді» ары қарай жалғастырамын.

2. Сөйлеу қабілетімді жақсарту үшін барымды саламын.

Мақсатыма жету үшін мен істемеген зат қалмаған шығар. Мен таңғы шоудың жүргізушісі болдым, ауа-райы болжауын жүргіздім, күндізгі спорт репортері болып жұмыс істедім, бизнес жаңалықтарын да жүргіздім, сөз де сөйледім. Егер біреу ауырып қалса немесе демалыс алғысы келсе, мен эфирге көбірек шығу үшін екі ауысымда жұмыс істеуге келісетін едім. Мен тікелей эфирде көбірек болу үшін бар мүмкіндікті қолдануға тырыстым. Менің мақсатым эфирге шығып, табысты болу еді, сондықтан мен өзіме Тед Уильямстің тағы жаттығу керек деп ойлаған кезде қосымша жаттыққанын айтып, көбірек жаттығуға тырыстым.

Сөйлеп үйрену үшін де жаттығу керек. Қазіргі таңда кітаптар мен дұрыс сөйлеуді үйрететін бейнебаяндардан басқа, сіз өзіңіз жасай алатын көп нәрсе бар. Мысалы, өз үйіңізде немесе пәтеріңізде өз-өзіңізбен дауыстап сөйлесіп көрсеңіз болады. Мен жиі болмаса да солай істеймін. Мен жалғыз тұрамын, сондықтан анда-санда кенеттен кейбір сөздерді немесе кейінірек шоуларымның біріне деп дайындаған мәтінді дауыстап айтатын кездерім болады. Ұялудың ешқандай себебі жоқ, өйткені бәрібір үйімде менен басқа ешкім тұрмайды. Жалғыз тұрмасаңыз да, мен сияқты жасап көре аласыз. Жалғыз қалу үшін басқа бөлмеге не жертөлеге барып немесе көлік айдаған уақытты пайдалансаңыз болады. Осылайша сіз жақсырақ сөйлеу үшін жаттыға аласыз.

Сіз сондай-ақ айна алдында тұрып, өз бейнеңізбен сөйлесе аласыз. Бұл әсіресе көпшілік алдында сөйлеу қабілетін жақсартуға тырысатын адамдар кеңінен қолданатын әдіс.

Соған қарамастан, бұл әдіс күнделікті сөйлесу үшін де жарамды. Бұл сізге көзбе көз байланыс орнатуды үйретуге көмектеседі, өйткені сіз айнадағы қарама-қарсы бейнеге қарап тұрасыз.

Келесі әдіс туралы естімес бұрын мені есінен ауысқан деп ойламауыңызды сұраймын, себебі ол әдіс сізге итіңізбен, мысығыңызбен, құсыңызбен немесе алтын балығыңызбен сөйлесуді ұсынады. Үй жануарларымен сөйлесу арқылы басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренуге болады, әрі олар сіздің сөзіңізді бөледі немесе сөз қайтарады деп алаңдамайсыз.

Сөйлеу қабілетіңізді жақсартуға деген ұмтылыстан бөлек жақсы спикер болу үшін қажет тағы екі ингредиент бар: сөйлесушіге деген қызығушылық пен ашықтық.

Менің ойымша, «CNN»-дегі түнгі ток-шоуларымның көрермендері менің қонақтарыма қызығушылық танытатынымды жақсы біледі. Мен олардың көздеріне тіке қарауға тырысамын. (Мұны істей алмау көптеген адамдар үшін сәтсіздік болып саналады, біз оны кейінірек талқылаймыз.) Содан кейін ғана келген қонаққа жақын отырып, оларға өздері туралы сұрақтар қоямын.

Мен өз шоуларымның барлық қатысушыларын құрметтеймін – президенттер мен атақты спортшылардан бастап, «Muppets» шоуындағы Бақа Кермит пен Мисс Пиггиге дейін – иә, олар да менің шоуларыма қатысқан.

Адамдармен сәтті сөйлесу үшін сіздің олардың не айтпақшы екеніне қызығушылық танытып, құрметтеуіңіз маңызды. Уилл Роджерстің кезінде айтқаны:

«Бәріміздің білмейтініміз көп – тек әр түрлі тақырыптар аясында». Осы сөздерді жұмысқа бара жатқан жолда кездестірген бір адаммен немесе он миллион адамнан құралған аудитория алдында шоу қонағымен сөйлесіп жатсаңыз да есте сақтаған жөн. Басқаша айтқанда – әркім бір нәрсенің маманы. Әркімнің сөйлескенді ұнататын кем дегенде бір тақырыбы бар.