Мао Сяо – Тау мен теңіз ертегілері. Үлкен краб (страница 3)
Иемин – «Таулар мен теңіздер классикасында» кездесетін уақыт құдайының аты. Бұл ертегіні Иемин айтып отырғандай болады.
Маған «Иемин» деген сөз ұнайды.
Мен кейбір ерекше немесе жалпыға ортақ сөздерге назар аударғанды жақсы көремін.
Бұл ертегіде адам баласының «жалғыздық» сезімі туа бітеді деген тақырыпты ашып тұрған жоқ па? Сондықтан адамдар байланыс жасауды, мұң-шерін біреуге айтуды, бір-бірімен жақындауды қалайды.
Бұл ертегіде үш еркектің (құдайдың) арасындағы достықты баяндайды.
Бірге өмір сүруге, бірге өлуге дайын.
Шу мен Ху Хаосқа ауыз, көз, мұрын, құлақ жасаймыз деп өлтіріп алады.
Артынша Шу мен Ху Хаостың саңылауына кіріп, оны бітеп Хаосты тірілтеді. Өйткені шухудың өзі уақыт болатын.
Уақыт болған соң, Хаос өлмейтін болады.
Үлкен краб
– Ол қашан болып еді?
– Осыдан екі… үш күн бұрын.
– Сен неге есеп беруге келмедің?
– Менің ойымша… – деп, Шаян сарайының жауаптысы Моу Цзян қорыққаннан тілі күрмеліп: – Менің ойымша… – дей береді.
– Сенің не ойлағаның бар?
– Мен құбыжықты ұстап алып, осында әкелеміз деп ойладым… – деп Моу Цзян тізерлеп отыра кетті, Куафудың4 бетіне қарауға батылы жетпей: – Құбыжықты ұстауға жіберген Кентаврларға құбыжық сес көрсетіп қасына жолатпапты, оған жақындауға олардың батылы жетпепті. Сондықтан біз оны көпе-көрнеу жіберіп алдық, – деді Моу Цзян.
Куафу дуал қоршаудың қасына барып, қыш сынықтарын алып қарап тұр еді.
– Құбыжық анау алып аяқтарымен қыш құмыраны таптап сындырып, басып-жаншып қоршаудан өтіп кетті, – деп Моу Цзян тізерлеген бойы Куафудың қасына таяп барып: – Мен осы қоршауды биіктетсем деп жүр едім, жоғарыдағылар қаржы тапшы деп, тиын-тебен бөлмей отыр… – деп сөзін жалғады.
Куафу қоршаудың аласалау жеріндегі құбыжықтың тырнақтарының ізін көріп: – Тікенді сым қоршау неге орнатпайсыңдар? – деп Куафу тырнақ іздерін байқаған заман тікенекті сым қоршау орнату керек деген оймен осылай сұрақ қойды.
– Мәртебелі патшам, тікенек сымнан пайда жоқ! – деді Моу Цзян. Ол жақын маңда тұрған қақпаны, яғни жақтауы темір қаңылтырмен қапталған ағаш қақпаны нұсқап: – Құбыжық анау есіктің өзін шағып кетті… сол күзетшілер осы айдың еңбекақысынан қағылып отыр… – деді.
– Жарайды, түсіндім, – деді де Куафу Шаян сарайынан шығып кете барды.
– Патша, бізге сіздің көмегіңіз керек…
– Алып краб қашып кетті, қашса қаша берсін, оған бола уайымдамаңыз, патша!
– Мәртебелі патша, елдің жағдайын, қарапайым халықтың қамын ойлаңыз, өтінемін!
– Патшасыз ел болмайды, сіз кетсеңіз, біз қалай өмір сүреміз!
– Мәртебелі патша…
Беделді уәзірлер мен әскери шенеуніктер патшаны көндіруге тырысып көрді. Куафу сонда артына қайырылып, биліктің символы болған аса таяғымен жерді тықылдатып еді, жұрт тұрған орындарында үндемей, құлақтарын түріп тұра қалды.
– Бофу, мынау аса таяқты мен сізге сыйлаймын, – деді Куафу салтанатты түрде.
– Бұ не дегеніңіз? – деп, Бофу таңданысын жасыра алмады. Бофу іштей қуанып тұрса да, қуанышын сыртқа шығаруға қымсынды. Аса таяқты қолына алған бойда, екі қолы дірілдеп сала берді. Ол:
– Менің мұндай мәртебеге ие болатындай өнерім де, қабілетім де жоқ қой… – дей берді.
– Сіз енді менің орныма патша болып, билік жүргізетін боласыз, – деп, Куафу өз басындағы айдаһар тәжін шешіп, Бофудың басына өз қолымен кигізіп тұрып:
– «Куафу елі» бұдан былай «Бофу елі» болып өзгереді, ал, міне, Бофу патша болды, құрмет көрсетіңіздер! Бофу, сіз патшалық билікті өз қолыңызға алыңыз, – деді Куафу.
– Қолбасшы Хубэн? – деді патша тағына жаңа отырған Бофу патша.
– Иә, тақсыр!
– Сіз үш мың әскер, Тие қолбасшы үш мың әскер бастап…
– Жоқ, қажеті жоқ! – деді де Куафу патша киімін шешіп, үстіне жамау түскен қодастың терісін жамыла салып:
– Өзім жалғыз жолға шығамын. Сау болыңдар, кездескенше! – деді де жолға шығып кетті.
– Мәртебелі патша…
– Патша, жолға азық алмадыңыз ба?..
– Патша, жол алыс қой…
– Патша, ертерек оралуыңызды күтеміз! – деп, уәзірлер мен әскери қолбасшылар шуласып, соңынан еріп шығарып салды.
– Қайтыңдар! – деп, басына патша тәжін жаңа киген Бофу уәзірлер мен әскери қолбасшыларға зекиді. Уәзірлер мен әскери қолбасшылар не істерін білмей, орындарында мелшиіп тұрып қалады. Бұл көкжиектен көтеріліп, жерді алтын сәулесіне бөлеген сәт еді, Куафу күнді қарсы алу үшін қайырылмастан алға тартып кетті.
– Алып крабты көрдің бе? – деді Куафу алдынан кезіккен адамға. Куафу ол адамнан әлдеқайда биік еді: – Қорықпаңыз, менің сізге зәредей қастығым жоқ, менің атым Куафу, – деді ол сөзін жалғап.
– Куафу…
Әлгі адам қатты әбіржігендіктен, өзінің екі құлағын мықтап ұстап соза береді.
Бар пәрменімен созғандықтан болар, оның екі құлағы салбырап кеудесіне жетеді.
– Алып крабты көрдің бе? – деп Куафу тағы сұрақ қояды. Куафудың бойы ұзын, дауысы да қатты болатын. Куафу өзінің дауысын барынша бәсеңдетіп, әлгі кісінің дауысына салып сөйлейді.
– Алып краб, алып… – деп күбірлейді әлгі адам.
– Куафу елінен, яғни қазіргі Бофу елінен бір алып краб қашып кетті, – деп Куафу оған түсіндіріп: – Алып краб, осы бағытқа қарай қашып кетіпті, сен соны көрдің бе? – дейді.
– Ойбой, бірден солай деп айтпадыңыз ба? – деп әлгі адам өз-өзіне келіп: – Сіз әлгі құбыжықты айтып тұрсыз ғой, мен енді түсіндім. Алып краб деген соң, білмей тұрған жоқпын ба? Оның үстіне, өзің бір дәу адам екенсің, атың кім дедің? – деп, әлгі адам екі қолын құлағынан алмай сөзін жалғады.
– Менің атым Куафу. Біздің ауылдың адамдары дәл осы мен сияқты дәу болады.
– Тәуба! – әлгі адам басын көтеріп, Куафуға қарап: – Құбыжық! – деп айтты да, іле-шала: – Сізді айтып тұрған жоқпын, кешіріңіз, әлгі құбыжықты айтамын. Ол өте қорқынышты болды, бірақ бізге тиіскен жоқ. Дегенмен біздің елдің адамдары одан қатты қорықты. Ол еш аялдамастан, алға қарай тартып кетті. Оны көргендердің бәрі қорыққаннан мына мен сияқты екі құлағын тартып созып тастады. Ал оны көрмей, тек естігендердің өзі де біз құсап құлақтарын созып, ұзартып тастады. Сенбесең, жүр, біздің елге барып көр, бәрі әлі қолдарын құлағынан алған жоқ.
– Бұл жер…
– Сөйтіп, біздің ел «қолы құлағынан түспейтін ел» деп аталып кетті.
– «Қолы құлағынан түспейтін ел», «құлағын ұстаған ел» дейміз бе, әлде «құлағын шымшыған ел» дейміз бе? …Бәрі де сол құбыжықтың кесірінен болған болды ғой?! Кешір… – деді Куафу. Ол әлгі кісінің басынан саусағымен нұқып: – Сен оның қазір қайда қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.
– Білмеймін. Ол біздің елден қашып кетті. Біздің елдің «құлағын ұстағандар елі» деген аты болған соң, оған ие болатын патша болуы керек қой, солай емес пе? Сол себепті, мен енді осы елдің бірінші патшасы боламын. Мен бүгін таққа отырамын. Кешіріңіз, менің кетуім керек.
– Құтты болын! – деп күлді де, Куафу: – Сен әлгі құбыжықтың қай жаққа қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.
– Анау жаққа кетті, – деп, әлгі адам бір қолын құлағынан алып, шығыс жақты нұсқады да, артынша қолымен құлағын қайта ұстай қойды.
– Рақмет! – деді де, Куафу алға тартты. Ол қызық көріп өзінің екі құлағын екі қолымен ұстап, күн шығысты бетке алып, алып крабты іздеп кете барды.
Куафу үш көзі, бір қолы бар адамға кез болды. Ол ағаш шауып отыр екен. Куафу оны қорқытып алмайын деп, тізесін бүгіп, дауысын бәсеңдетіп:
– Сен алып крабты, яғни құбыжықты көрдің бе? – деп сұрады.
– Құбыжық дегенді ауызға алушы болма, – деді әлгі адам қолындағы балтасын жерге қойып.
– Құбыжық деп мен сені айтып отырғам жоқ, кешір! Менің атым Куафу, мен Бофу елінен келе жатырмын. Сен өзің не істеп отырсың? – деді ол.
– Мен ұшатын арба жасап жатырмын, – деп, әлгі адам балтасын қолына қайта алды. Ол ағашты жонып жатып, қолындағы балтасын қойып, екі көзін жұмып, жалғыз көзімен ағаштың түзулігін көрді.
– Ұшатын арба дейсің бе? Куафу бұл сөзді алғаш рет естіп тұр.